Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні !!!
Құрметті пайшылар мен салымшылар!
«Мың өліп, мың тірілген» қазақ елі жиырмасыншы ғасырдың соңында тарих сахнасында тағы бір жарқ етті. Өз түтінін өзі түтетуге жол ашқан тәуелсіздікке қол жеткізу тарихында төл рәміздер дүниеге келген сәт - ерекше орын алады.
Ешқашан естен шығаруға болмайтын бір ақиқат бар. Ол - мемлекеттік рәміздердің тек көркем образ ғана емес, тәуелсіз мемлекет құру идеясының жаршысы екендігі. Олар осы ізгі сезімді адамдардың жан дүниесіне сіңіріп, ақыл-ойын дарытуға қызмет етеді.
Осы орайда Елбасымыздың мемлекеттік рәміздерді қабылдауға қаншалықты мән бергендігі баршамызға белгілі. Мұндағы мақсаты - көтерген туы мен елтаңбасының, ақжолтайына айналар әнұранның түрі, табиғаты жағынан төлтума, ал мазмұны жөнінен осы заманғы өркениетті мемлекет идеясына үндес рәміздер болып шығуы еді.
1992 жылдың 4 маусым күні - ел тарихындағы ерекше мәртебелі күн. Бұл күні тағы да елдігіміз сынға түсті. Ертеңіміз үшін жан беріп, жан алысқан парламенттік дода қызу талқыға айналды. 60-тан астам депутат өздерінің пікірлерін білдірді. Нәтижесінде қабылданған қыран бейнелі көкшулан туымыз (авторы - Шәкен Ниязбеков), басқаға ұқсамайтын шаңырақ шырайлы шын дара елтаңбамыз (авторлары - Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихан), әнұранымыздың әсем әуені мен әдемі мәтіні дүние есігін ашты. Олар тәуелсіз еліміздің атынан әлем алдында сөйлейтін тарихымыздағы тұңғыш ресми белгілерге айналды.
Осы күні Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының музыкалық редакциясы туралы» тарихи заңдарға қол қойды.
6 маусым күні Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрының әсем ғимаратында тәуелсіз еліміздің тұңғыш мемлекеттік рәміздерінің тұсаукесер салтанаты өтіп, жер-жаһанға жария етілді. Президент сарайы мен Парламент үйінің төбесіне Мемлекеттік Ту көтерілді. Елтаңба орнықты, егемен ел аспанында әнұран әуені асқақтады. Алты ай өткен соң, 1992 жылдың 11 желтоқсанында Мемлекеттік әнұранның мәтіні бекітілді.
Міне, сол жұлдызды күндерден бері 4 маусым - Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні ретінде тарихымыздың алтын беттерінен орын алды.
Мемлекеттік рәміздер ретінде ту мен елтаңба - егемендік және тәуелсіздік идеяларының нақты заттық белгілері. Әнұран - осы ізгі ұғымдардың бірден-бір рухани жаршысы.
Ардақты ағайын!
Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бет түзеген ұлы көшімізді демеп, игі істерімізді қолдай бергей!
Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, туымыздың мәртебесі биік болсын!
Ізгі тілекпен,ПК "ЖК OTAU KZ" әкімшілігі